«Адам баласы кемшілікпен жаратылған» деп қасиетті кітап Құранда айтылғандай, пенденің сөзі мен ісінен қателіктер кетіп жатады. Үлкен ғұлама имам Ғазали бабамыз айтқандай, пенде қателеспей тұрмайды, жақсы адам дегеніміз – қателігін түзеуші, содан сабақ алған жан.
Бірде мынадай оқиға болыпты. Көршісінің баянды тірлігіне қызғанған бейбақ оны «ұрлық жасайды, алаяқтықпен пайда табады» деп жалған өсек таратады. Бұл сөз уақыт өткен сайын ісініп-күбініп қазидың құлағына жетеді. Қази-сот шабармандарын жіберіп «ұрлықшы» атаған азаматты абақтыға жаптырып, тергеп-тексереді.
«Аққа – құдай жақ» дегендей жалалы жігіттің ешқандай жазықты емесі дәлелденіп, қази-сот мән-жайды білмекке өсек-сөз таратқан адамды шақыртады. Ол кісі қазидың қаһарынан қорқып, өтірік-ғайбат айтқанын мойындап, кешірім сұрайды.
Қази күнәһарға бір парақ ақ қағаз ұстатып, осыған ана жігіт жайлы айтқан өсек-ғайбатыңның бірін қалдырмай жаз деп бұйырады. Анау жіпке тізгендей, тәптіштеп жазып шығады.
– Жазып болдың ба?
– Болдым.
– Онда, – дейді қази қолыңдағы қағазды күлдей етіп ұсақтап тура да, үйіңе бара жатқан жолда аттың үстінде тұрып маң далаға ұшырып жібер. Осыны орындаған соң ертең қайта кел! Саған қандай жаза қолдану керектігі осы оқиғадан кейін шешіледі.
Қазидың тапсырмасын мүлтіксіз орындаған ғайбатшы ертеңінде алып-ұшып жетеді. «Күлдей етіп туралған қағазды желге ұшырып жібердім тақсыр!». Оның дұрыс болған екен, – деген қази: «Кешегі ұшырған қағаздың қиқымдарын түгел тауып бәрін жинап әкел де, бір-біріне қосып жазбаны қайталап оқып шық!» деп бұйырады. «Олай жасай алмасаң жазаға тартыласың!».
Күнәһар қатты сасады. «Тақсыреке, желге ұшқан қағаздың қиқымын қалай жинаймын?». Қази айтады: – Сен бейбақ, өсек айтпай тұрып ойлануың керек еді, таратқан сөзің қағаздың қиқымдары сияқты күллі әлемге шашылып кетті, мен кешіргенмен бәрібір жайылған өсекті қайта жинай алмайтыныңды ұқтың ба?
«Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» деген осы. Ұңғыдан ұшқан оқты қайтара алмайтынымыз сияқты, ауыздан шыққан сөз де қайта кірмейді. Сөзге абай болайық ағайын!
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»